Аттестат табыстау кеші – ұмытылмас сәт!!!
Мектебімізде 9 және 11-сынып түлектеріне арналған салтанатты аттестат табыстау кеші жоғары деңгейде өтті. Бұл кеш – оқушылардың мектеп қабырғасындағы білім мен тәрбиенің жемісін көріп, үлкен өмірге қадам басар ерекше сәттердің бірі болды.
Мерекелік шара барысында оқушылар әсем ән шырқап, мың бұрала би билеп, мектептегі қызықты әрі әсерлі естеліктерімен бөлісті. Кеш қонақтары түлектердің өнеріне тәнті болып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жас өнерпаздарға зор ықыластарын білдірді.
Салтанатты жиында мектеп директоры Ж.Оспанов сөз сөйлеп, түлектерге ақ жол тіледі. Ол жас түлектердің алдағы өмір жолында биік белестерді бағындырып, елдің дамуына өз үлестерін қосатын азамат болып қалыптасуларына сенім білдірді. Биылғы оқу жылында мектеп түлектері жоғары жетістіктерімен қуантты. 11-сынып түлектері арасынан Сартай Толқын Сұлтанқызы мен Медеубек Балауса «Алтын белгі» иегері атанды. Сонымен қатар, Дүйсенбай Талшын үздік аттестатқа ие болып, оқу озаты ретінде марапатталды.
Ал 9-сынып түлектері арасынан Әділхан Нұрай мен Саттарханұлы Дінмұхаммед негізгі орта білім туралы үздік аттестат иегері атанып, өздерінің білімге деген жауапкершілігі мен табандылығын дәлелдеді. Кештің қадірлі қонақтары болған ардагер ұстаздарымыз да түлектерге жүрекжарды тілектерін арнап, ақ баталарын берді. Олардың жылы лебіздері мен өмірлік тәжірибеге толы өсиеттері жас буынға ерекше әсер қалдырды.
Мерекелік кеш соңында түлектер ұстаздарына, ата-аналарына алғыстарын айтып, естелік суреттерге түсіп, қимастық сезіммен қоштасты.
Аттестат табыстау кеші түлектердің жүрегінде мәңгі сақталатын жарқын естелікке айналды. Біз барлық түлектерімізге жарқын болашақ, толағай табыс және биік белестер тілейміз!





